390

Әйелін мүгедек еткен ер адамның ісі: Қорғаншылық органы ерлі-зайыптыны ата-ана құқығынан шектеуі мүмкін

СҚО-да бес баланың тағдыры сотта шешілуі мүмкін.

Әйелін мүгедек еткен ер адамның ісі: Қорғаншылық органы ерлі-зайыптыны ата-ана құқығынан шектеуі мүмкін
НеМолчи

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Солтүстік Қазақстан облысының Петропавл қаласында қорғаншылық және қамқоршылық органдары отбасындағы зорлық-зомбылық дерегіне байланысты ата-ананың екеуіне бірдей қатысты сотқа талап арыз түсірді. Бұл туралы Tengrinews.kz жазды.

Өтініште ер адамға да, оның жұбайына да ата-ана құқығын шектеу мәселесі көтерілген. Бұған отбасы ішінде ұзақ уақыт бойы жалғасқан зорлық-зомбылық, балалардың қауіпсіздігіне төнген қатер себеп болған.

Өткен жылдың қараша айында «НеМолчи.kz» қоры Петропавлда көпбалалы анаға қатысты ауыр зорлық-зомбылық оқиғасын жариялаған. Қор мәліметінше, әйел бірнеше жыл бойы күйеуінен соққы көріп, денсаулығына ауыр зақым келіп, мүгедек болып қалған. Кейін ол балаларын қалдырып, анасының үйіне кетуге мәжбүр болған. Ал бес кәмелетке толмаған бала әкесімен бірге қалған.

Қор таратқан ақпаратта ер адамның балаларға да агрессивті мінез көрсеткені айтылған. Мұны оның TikTok желісіне жүктеген видеолары растаған. Бейнежазбаларда ол әйелдердің іш киімімен түсіп, өзін оғаш күйде көрсеткен.

Жағдайға полиция, қорғаншылық және қамқорлық органдары араласып, отбасы тұратын мекенжайға тексеріс жүргізген. Әйелдің арызы негізінде ер адамға қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттер бойынша әкімшілік іс қозғалған.

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ер адамды кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алған. Сондай-ақ сот оның мінез-құлқына арнайы талаптар қойып, 12 ай бойы жұбайы мен балаларымен олардың келісімінсіз байланысуына тыйым салған.

Қазіргі таңда бес бала Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылған. Ата-аналар арнайы есепке алынып, олардың ісі кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жолданған.

Петропавл қаласының білім бөлімі балаларды ата-анасының қасында қалдыру қауіпті деп танып, әке мен анаға қатысты ата-ана құқығын шектеу туралы сотқа талап арыз берген. Себеп ретінде ата-ананың жұмыссыздығы және балаларды тәрбиелеу міндеттерін толық атқара алмауы көрсетілген. Ананың жағдайына денсаулығы да әсер еткен.

Облыстық соттың баспасөз қызметі істің Солтүстік Қазақстан облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатқанын және процестің жабық режимде өтетінін растады.

Ресми емес дерекке сүйенсек, ата-аналар ата-ана құқығын сақтап қалу үшін жұмысқа орналасуға, тұрғын үйді жөндеуге әрекет жасап жатыр. Бұл іске волонтерлер де көмектесіп жүргені айтылады. Сонымен қатар олар балаларымен кездескен.

Материал авторы